Әлеуметтік желілер

«Аида» операсы — әлемдік құндылық

Көзқарас

«Аида» операсы — әлемдік құндылық

Әлемдік опера өнеріндегі ең құндыларының қатарына итальян композиторы Джузеппе Вердидің «Аида» операсы жатады.

Мен бұл операны бірнеше рет тамашаладым. Ең бірінші рет 2015 жылдың жазында Астана қаласында ашық аспан астында қойылғанда көргенмін. Сол кездегі барлық толғанысым мен сезімімді жеткізу мүмкін емес. Тіпті, одан кейінгі көрген кездерде де дәл сол бірінші рет көргендей әсер алдым. Бұл – операның үздік екендігінің белгісі. Ерекше күйге бөлеген операның кейбір сәттерімен бөлісейін.

Сахна пердесі ашыла, сонау Мысыр жеріне ғасырлар асып келгендей сезінесің. Перғауын сарайындағыдай биік колонналар, алып мүсіндер, аста-төк байлық — барлығы да өзіңді дәл сол кезге түскендей күй кештіреді. Осы операны көрген әрбір адам музыка, опера, театр, спектакль тілімен махаббат пен зұлымдылықты, айбындылық пен қорқақтықты, отансүйгіштік пен сатқындықты, ерлік пен жамандықты көре алады. Осындай сан қилы ащы шиеленістерге толы драманы көрген де, көрмеген де арманда.

Жазылу тархына көз жүгіртсек, 1868 жылы Суэц арнасының ашылу қарсаңында Мысыр елінің басшылығы Вердиге ұлттық нақыштағы опера жазуға ұсыныс жасайды. Бұл операның тұсау кесу кеші Каирдегі театрдың ашылу салтанатына жоспарланған. Алайда, Верди бұл ұсыныстан бас тартады. 1870 жылы «Аида» сценарийін көрген Верди қызығушылық танытып, опера жазуды қолға алады. «Аида» операсының тұсаукесері 1871 жылы 24 желтоқсанда Каир қаласында өтті.

Ал, оқиға желісі, оның дамуы, өрбуі, шешімі барлығы тосыннан, күтпеген жерден пайда болып, өрбіп отыратындықтан, көрермен сұранысына ие болды. Менің байқағанымдай, «Аида» операсы — қарама-қайшылықтарға толы драма.

Операда Мысыр әскербасы, жаужүрек жауынгер, батыр қолбасшы Радамес пен Эфиопия патшасының қызы Аида арасындағы махаббаты баяндалады. Сондықтан “Аида” операсы адамзаттың ең құнды адами сезімі жайлы баяндайтын шығарма болып есептеледі. Радамес пен Аида арасындағы трагедиялық махаббат хикаясы еш адамды бей-жай қалдырмайды. Алтын тақтан бас тартқан қаһарман Радамес пен отанына қашу мүмкіндігі бола тұрса да сүйіктісімен бірге өлуді таңдаған өжет қыз бәрібір тарих толқынында жеңімпаз болып шықты. Бұл оқиғаның соңы өте қайғылы, дегенмен махаббат бәрібір жеңді. Адамдарға осындай ұлы философиялық ой тастаған бұл шығарманың негізгі мақсаты да осы болуы керек. Осындай қызықты, бірақ қайғы-қасіретке толы оқиғаларға құрылған опера тарихы күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ. Себебі қай заманда да махаббат — ең актуалды тақырыптардың бірі.

Опера өте сезімтал, лирикалы, әуезді. Тағы бір ерекше әсерге бөлеген көрініс — Аида мен Радаместің соңғы дуэті. Ол жүректі елжіретер керемет нәзік әуенмен жетеленгендіктен де ерекше әсер қалдырды. Тағы бір ерекшелігі операның әр әрекеті серпінді, қарбалысты дамиды. Опера трагедиялық шешімді болса да, опера аяқталғанда орындалған дуэтті махаббат пен әділеттіктің гимні секілді сезінесің. Бас қаһармандар соңына дейін сенімдерін жоғалтпады. Бұл — нағыз жеңіс.

«Аида» операсы Қазақстанда талай рет ел назарына ұсынылды. Бір ғажабы әйгілі опера түпнұсқаның тілінде, яғни итальян тілінде орындалды. Сөйтіп қазақстандық өнерпаздар халықаралық талаптарға сай туындыны ұсынды.

Жалпы, біз мұндай дүниелерді қазақ топырағына бүгін әкелсек, ертең өз дүниелерімізді өзге елдерге шығаратын боламыз. Сол арқылы қазақ өнерін әлемге танытамыз. Опера — өнердің шыңы. Мен жылдар жылжи келе Астана өнер орталығы, рухани құндылықтың алтын діңгегі болатынына сенемін. Жақсы дүние әлемдегі халықтардың бәріне ортақ. Оған Дж.Веридің “Аида” операсы дәлел бола алады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз жарияланбайды. Толтыру міндетті *

"Көзқарас" айдарындағы жазбалар

Трендтер

Соңғы пікірлер

Жоғары