Әлеуметтік желілер

Алғашқы махаббаттан өмірлік махаббатқа (шынайы әңгіме)

Шығармалар

Алғашқы махаббаттан өмірлік махаббатқа (шынайы әңгіме)

Рахымжан тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезі еді. Сегізінші сыныпта Қалимаш есімді сұлу қызға көз қырын салып жүр. Бір жағынан сымбатты, көркем, нәзік, екінші жағынан ақылды, үздік грамоталар иегері, үшінші жағынан қолжетімсіз жұлдыздай асқақ арман қыз еді. 1961 жылдың жазынан бастап Рахымжан Қалимаш есімді аруды шынымен ұната бастады. Ақылына көркі сай осы қыз талай жігіттің арманына айналды. Өзі салмақты, мінезі жайдары, көңілі кең, құрбыларының арасында беделді, қара торының әдемісі болатын. Рахымжанның бар ойы Қалимаш қызда болды.

Рахымжанды осы жылы тарих пәнінің мұғалімі Сакежанов Молдағали күзгі сынға калдырды. Содан Рахымжанды мұғалім емтиханға бір шақырды, екі шақырды, үш шақырды, ол бармады. Кейін ұстазы емтихан емес, мектепке кел деп шақырды, тағы бармады. Әкесі мен анасының ұрысқанына қарамастан, бармады. Бәрі аң-таң, оның ойында не барын ешкім білмеді. Сіресіп бармай қойғандықтан, сыныптан сыныпқа көшірмей, қайтадан тоғызыншы сыныпта оқуға қалдырды. Содан Рахымжан Қалимаш қызбен бір сыныпта оқитын болды. Ал мұның сыры: өзі ұнатқан қызға деген ыстық ілтипаты соншалық, бір сыныпта оқып, қыздың көңілін аулап, жүрегін өзіне қарату үшін осындай құрбандыққа барды.

Бір жыл бойы Рахымжан Қалимаш қыздың жүрегін жаулауға тырысқанымен, одан ештеңе шықпады. Қыз әлі жылы қабақ танытпады. Рахымжан бала тоғызыншы сыныпты тағы да үздік грамотамен бітірген Қалимаштың көңілін соңғы оныншы сыныпта жаулаймын деп өзіне серт берді. Соңғы сыныпта бірнеше жұп ғашықтар да болды, ал Қалимаш қыз әлі де барлық жігітке арман, ұзын арқан, кең тұсау болып қала берді. Рахымжанның сана-сезімі, ойы Қалимашта, жүрегі лүпілдеп тек «Қалимаш» деп соқты, тынысы да, тіршілігі де Қалимаш есімімен байланысты болды. Оның сұлу бейнесі көз алдынан бір сәтке де кетпейді, ұйқысына арман болып тағы кіреді, ойынан мүлдем шықпайды. Рахымжан Қалимаш аруды табиғатпен салыстыра елестейді. Жайдары мінезін ашық аспанға, ақылы мен ой-пайымын шегі жоқ тұнық мұхитқа, ал сұлулығын арайлап атқан ақ таңға теңейді. Тіпті, көлде жүзіп жүрген аққудың ажары қыз көркінің жанында түк еместей болып көрінеді. Өмірдегі барлық нәрсенің құны да, қызығы да болмайды. Арманы да, мақсаты да, ниеті де тек  сол ғашығына қол жеткізу еді. Қалимаш қызды барлық әсемдіктен, көркемдіктен іздейтін болды. Жайқалған гүл арудың күлкісіне ұқсайды, нұрын шашқан күн қыздың мейірімділігіне ұқсайды. Барлығы да сол Қалимаш арудың өзімен ғана байланысты болып көрінеді.

Қалимаш қызды көп ойлағандықтан болар, Рахымжанның аузына өлең шумақтары орала береді. Бір күні сол өлеңді бойындағы күш-жігерін жинап, қағаз бетіне түсірді. Рахымжанның ең алғашқы өлеңі осылай дүниеге келді. Бұл — ғашығына қол жеткізуге асық болған Рахымжан Елеусізұлының ең алғаш шығарған өлеңі өз махаббатына арнауы.

ЖҮРЕК СЫРЫ

Сабындыда бір қыз бар

Теңеуім оған – көктем гүл.

Сұлу аққуқазы бар,

Тұнық көлдей мөп-мөлдір.

Беу, ғашығым – Қалимаш!

Жүрегіңнен – сырыңды аш.

Мендей сүйсең, сен мені

Қосылар едік екі жас.

Шын ғашықпын мен саған,

Арманым сен ғой аңсаған.

Егер қонсаң қолыма,

Бақыт құсым деп ән салам.

Өзіңмен атса атқан таң

Батуға оны қимаймын.

Жүректің сырын ақтардым,

Сүйемін сені сыйлаймын.

( Рахымжан Елеусізұлы, 1962 жыл)

Пәк сезімнің айнасы, ыстық махаббаттың куәсі осы өлең еді. Жүректегі барлық сезімді өлеңімен жеткізуге тырысқан Рахымжанның арманы орындалды. Қалимаш ару екеуі осы өлеңнен кейін нақты түсінісіп, мәңгі бірге болуға уәде берісті.

«Шұбар көлдіктердің» бастамасын жалғастыру және қолдаудың үндеуі бойынша білім мен еңбекті ұштастыру қажет. Демек, орта білімді алғаннан кейін екі жыл еңбек етіп, жоғары оқу орнына түсу міндеттелді. Осыған байланысты сол кездегі Қоржалжын ауданы, «ХХІІ парт.съезд» совхозына қой шаруашылығын өркендетуге мектеп түлектерін жіберетін болды. Емтихандар тапсырылып, көптен бері күткен аттестат түлектердің қолына табыс етілді. Бойжеткен сұлу қыздар мен ер жеткен ұлдардың асыға күткен «қоштасу кешінен» кейін 250 км жердегі «ХХІІ-съезд» совхозы, Жанбөбек селосына, еңбек майданына жүрулері керек. Бірақ, күтпеген жерден қыздардың ата-аналары ит өлген алыс жерге қыздарын жібермейміз деп назаразылық білдірді. Сонымен қос ғашықтың жолы екі жаққа айрылуға келіп тірелді…

Екеуінің жүрек соғысы жиілеп, іштей қобалжығанымен, бір-біріне білдіртпеуге тырысты. «Әзер дегенде қолы жеткен Қалимаш қызымнан қалайша айрылып қаламын?!» — деген ойлар Рахымжанды мазалады. Бұл қиын жағдайдан шығу жолдарын іздеу үшін ғашықтар  кеңесіп, ұзақ ақылдасты. Өле-өлгенше қол ұстасып өтуге серт берген ғашықтарды екіге айырғысы келіп жатқан тағдыр-ай!

Бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын ғашықтардың жол торабы екіге айрылса, өмірдегі ең құнды, баға жетпес нәрседен айрылғандай, тіпті, кеудендегі жүрегіңді суырып алғандай сезімде боласың. Бірақ махаббат әрқашан да жеңіске жетеді. Осы бір қиын-қыстау кезде Қалимаш арудың бірсөзділігі, табандылығы, қайсарлылығы, ерік-жігері шешуші рөл атқарды. Мөп-мөлдір он жеті жаста болса да, Қалимаш ару нақты онымен бірге кететіндігін айтты. «Қоштасу кешінде» мені алып қашасың», — деп тура өз сөзін айтты. Бұл енді Қалимаш арудың Рахымжанға деген махаббатының дәлелі еді. Отбасынан алшаққа ғашығының қолынан ұстап кетуге, жолда кездесетін барлық қиындықтарды жеңуге жап-жас қыз дайын еді.

«Қоштасу кеші» күні де келді. Бір-бірі үшін бәріне дайын ғашықтар бүгін ерекше қобалжыды. Бұл кеште Рахымжанға жететіндей кербезді, сұлу, салмақты жігіт болмады. Ал Қалимаш сұлуға жететін сымбатты, нәзік, гүлдей құлпырған бірде-бір ару болмады. Сол кеште бәрі ойдағыдай өтіп, Рахымжан Қалимашты Қараегіндегі жездесінің үйіне апарып түсірді. Жап-жас қос ғашық өмірдің тұщысы мен ащысына төзуге, қандай қиындық кездессе де, төтеп беруге дайын болды. Қол ұстасып биік-биік белестер мен алынбайтын асуларды бағындыратындарына кәміл сенді. Өмір мұхитында махаббат кемесімен қиындықтар толқындарына қарсы тек түсінушілік, сыйластық, адалдық желкендерімен жүзе алатынын олар түсінді. Олар шынымен де талай қиын-қиын кезеңдерді бастан кешті. Бірақ махаббаттың құдіретімен барлығын да жеңе білді. Бір-біріне арқа сүйеу, сену, адал болу, махабатты бәрінен жоғары санау арқылы олар сол махаббат кемесімен бақытты да баянды өмір сүріп келуде. Осының барлығы сол бір Рахымжан атты тентек баланың Қалимаш ару үшін сыныптан-сыныпқа көшпей қалғанынан басталып еді…

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз жарияланбайды. Толтыру міндетті *

"Шығармалар" айдарындағы жазбалар

  • Шығармалар

    Мәңгілік елім

    Жариялаған::

    Сақ болып, ғұн боп өткеннен жеткен үндесе, Ішкен асында қоятын күй мен жыр десе, «Қазақпын!» деп...

  • Шығармалар

    Бір күні…

    Жариялаған::

    Жасына шоматын күздей даласын, Жалпақтан бассаң да жалғаныңды да. БІР КҮНІ сен түк те сезбей қаласың,...

  • Шығармалар

    Тәуелсіздікке тағзым

    Жариялаған::

    Тәуелсіздік… Бұл – ерекше тылсым сөз. Оны естігенде, бойынды қуаныш тербеп, мақтаныш сезімі жүрегіне ұялап, күш-қуатпен...

  • Шығармалар

    Сағыныш

    Жариялаған::

    Сағындым… Бірақ жасымды сықпағым келді, Өмірдің заңдылықтарын ұқпағым келді. Әжетай, сезесің бе бүгін сізді Қатты-қатты құшақтап...

  • Шығармалар

    Керек емессіз…

    Жариялаған::

    Жазармын тағы да біраз өкпелеп өлең, Сезімнің сергелдең жолын өткере келем. Менің тағдырым болып әу баста...

Жоғары