Әлеуметтік желілер

Қазақстан 12 жылдық білім беру жүйесіне дайын ба?

Көзқарас

Қазақстан 12 жылдық білім беру жүйесіне дайын ба?

Осы оқу жылынан бастап Қазақстан мектептері 12 жылдық білім беру жүйесіне көшті. Білім беру жүйесіндегі бұл өзгерісті енгізу туралы мәселелер 10 жылдан артық көтерілді. Бірақ үнемі кейінге шегеріліп келді. Оған оқулықтардың болмауы, оқу бағдарламасының жүйеленбеуі, мұғалімдердің дайын болмауы себеп болды. Ал, бүгін бұл кемшіліктер түзелді ме?!

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, экономикасы озық елдердің барлығында 12 немесе одан да көп жылдық білім беру жүйесі қалыптасқан. Оны әлем елдерінің 80 пайызында қолданылады. Енді дамып, экономикасы әлі қалыптасып жатқан мемлекеттерде 10-11 жылдық орта білім беру жүйесі сақталған. АҚШ елін алайық, онда елдің сауаттылығы 99 %-ды құрап отыр. 9-12 сыныптар аралығында оқушылар міндетті пәндерден бөлек өздері ұнаған пәндерді таңдау құқығы бар. Ал, Нидерланды елінде 15 жылға дейін мектеп бағдарламасы бар. Олар мектепке 5 жастан баруға заңмен міндеттелгенімен, көптеген оқушылар 4 жастан барады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Бәсеке басы — білім, ел басқаратын болашақ жастардың білімділігі мен біліктілігінде», — деген. Бірақ, сондай дәрежеге жету үшін оқушылардың ынтасынан бұрын жағдай жасалуы керектігі мәлім. Еліміздегі апатты, қираудың алдында тұрған немесе 3 ауысымды мектептер әлі күнге дейін бар. Мұғалімдер тапшылығы, әсіресе, ауылдарда, елді мекендерде жоғары. Оқу бағдарламасы жүйеленбеген, оқулықтар жетіспейтіндігі белгілі. 11 жылдық сыныптарға оқулық жетпегенде, 12 жылдық сыныптарға жетеді дегенге сену, әрине, қиын. Осындай мәселелердің көп екендігін ескере келе, мұндай білім беру жүйесіне көшу ерте емес пе деген сұрақ көкейімізде туады.

Бұл жөнінде қоғам қайраткері Мұрат Әбенов: «Біз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге дайын емеспіз. Жаңа стандарттар да, оқулықтар да, оқушылар үшін қосымша орындар да, білікті мұғалімдер де, ол мұғалімдерді ынталандыратын қаражат та жоқ. Сондықтан бұл жүйеден бас тарту керек. Әуелі барлық қажетті ресурстарды әзірлеп, содан соң ғана шешім қабылдау қажет», — деген.

Әлемдік сапалы 12 жылдық білім беру жүйесі елімізге өте қажет. Дегенмен оған көшпес бұрын барлығын түзеп, жағдай жасап алған жөн. Кейін «Ай, қап» демейтіндей әр қадамды нық басу — жаңа даму жолындағы жас мемлекетіміз үшін ең тиімді әдіс.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз жарияланбайды. Толтыру міндетті *

"Көзқарас" айдарындағы жазбалар

Жоғары