Әлеуметтік желілер

Әйел бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді

Біле жүріңіз

Әйел бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді

«Қыздың қырық шырағы бар», «Әйел қырық жанды» дейтін сөздердің астарында терең мән-мағына жатыр.  «Әлем менікі» деген әйгілі Шыңғыс хан, француз қолбасшысы Наполеон, Римнің әскери қолбасшысы Цезарь сынды хас жауынгер батырлар әйелдерінің де ақылына жүгініп отыруды ерсі көрмеген.

Біздің тарихымызда елдік мәселені шешуде нәзік жандылардың үлесі қашанда маңызды рөл атқарған. Азаматтар азайып, әскер кеміген кезде, ел үшін қолына қылыш ұстап жауға шапқан арулар да болған. Бірақ сол кезде де әйел нәзіктігімен, сұлулығымен баурап, аналық сипатынан айрылмай, баласының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, жарына ақылшы бола тұра да саясатқа да, билікке де араласты.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, ежелгі дәуірдің өзінде Мысыр патшайымдары, кейінірек орта ғасырлардағы византиялық, жапониялық патшайымдар билікке араласып, елдің сыртқы және ішкі жағдайына елеулі рөл қалдырған. Жаңа ғасырда Анна Австрийская бастаған Мария ІІ, Анна Иоанновна, Екатерина ІІ сынды әйелдер саясаттан тысқары қалмаған.

Ал, өркениетті заманда премьер министр лауазымын иеленген тұңғыш әйел шығыстан шыққан екен. Ол — Сиримаво Ратватте Диас Бандаранаике 1960 жылы Шри-Ланканың премьер-министрі болып, бұл қызметті өмірінде үш мәрте атқарған. Бұдан кейінгі Үкіметті басқарған нәзік жанды Индира Ганди. Ал мұсылман әлемінде тұңғыш премьер-министр болған әйел— Беназир Бхутто. Өкінішке қарай соңғы екеуі өздерінің қызметтік жолын аса қайғылы жағдайда аяқтады.

1984 жылы Үндістанның билігі мен Пенджаб штатындағы сепаратистік пиғылдағы сикхтермен арадағы текетірес өрши түсті. Олар Амритсар қаласындағы «Алтын храмды» қару-жарақпен толтырып тастады. Үкімет экстремистерді «Алтын храмнан» қуып шығу операциясын сәтті аяқтағанымен, әскери қимылдар кезінде храм қатты зақымданып, адам шығыны көп болды. Сикхтік терроршылар сол үшін Индира Гандидан кек алуға ант етті. Қайғылы оқиға болардан бір күн бұрын Ганди «Мен бүгін тірімін. Алайда, ертең олай болмауы мүмкін. Бірақ, менің әрбір тамшы қаным Үндістанға тиесілі», — депті.

Ал Беназир Бхутто 1988 жылы парламенттік сайлау кезінде Пәкістан халықтық партиясы жеңіске жетіп, Беназир Бхутто алғаш рет премьер-министр болды. Үкімет басқарған жылдары оның тобы жемқорлығымен аты шыға бастады. Бұған премьердің күйеуі Асиф Али Задари көп кесірін тигізді. 1996 жылы үкімет отставкіге кетіп, бұдан кейінгі өмірін ол елден жырақта өткізген. Парламент сайлауына санаулы күндер қалғанда ол Равалпинди қаласында өзінің жақтастары алдында ақырғы рет сөз сөйледі. Осы қайраты мықты арулардың мысалдарынан әйел нәзік болғанымен, ел мәселелеріне келгенде, өз өмірлерін пида етуге де дайын екендіктерін көреміз.

Қазіргі заманда Чили президенті Мишель Бачелет, Бразилия президенті Дилма Русеф, Корея Республикасының президенті Пак Кын Хе, Хорватия премьер-министрі Колинда Грабар-Китарович секілді көптеген әйелдер ел қамын ойлап, әрі халық жаршысы, әрі отбасы ұйытқысы болып отыр.

Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Саясат пен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіншілігі жеткілікті, өйткені саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Көпшілік қауым гендерлік саясатты әйелден еркек жасау деп түсінеді. Гендерлік саясат дегеніміз — әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз жарияланбайды. Толтыру міндетті *

"Біле жүріңіз" айдарындағы жазбалар

Жоғары