Әлеуметтік желілер

Шыңға жетудің үш баспалдағы

Менің ойларым

Шыңға жетудің үш баспалдағы

Төртінші билік болып табылатын журналистиканың қоғамдағы рөлі айрықша. Сондықтан мен бұл мамандықты таңдадым. Бұл өмірлік таңдауымда қандай қиындық кездессе де, төтеп беруге дайынмын. Ой пайымы, сөз саптауы, кескін-келбеті жарасымды журналист болу үшін ізденуден тайынбау керек. Мен нағыз журналист атанатыныма кәміл сенемін. Мен радиода ма, газетте ме, жоқ әлде телеарнада жұмыс істеймін бе?! Бұл маңызды емес! Қоғамға қай жерде қажетпін, сол жерде адал қызмет істеймін. Қай жерде ұлт мүддесі қорғалмай жатса, сол жерде ақтық демім қалғанша күресуге дайынмын.

Менің таңдауым – журналистика. Осы таңдауымды жүзеге асыру үшін үш бағытты ұстанамын. Олар: арман, мақсат, жеміс.

Арман… Бұл — ғажап әрі таңғажайып күш. Арманы бар адамның келешегі зор. Арман атты құдіреттің жетегінде өмір бойы жүреміз. Қанатыңды жайып, сол арманның биік-биік белестеріне шыққанда, бір рақат сезімге бөлеңесің. Сол сезім арқылы арманына сәл де болса жақындай түсесің, бойыңа күш-жігер аласың. Менің арманым – журналист болу. Бала күннен осы мамандыққа қызығамын. Себебі журналист – жақсылық жаршысы, жамандық сыншысы. Журналистика – ұлы адамдар сүйген, кемеңгерлер айналысқан мамандық. Атақты ақын-жазушылардың көпшілігі — осы мамандық иесі. Сондықтан да мен бұл мамандықты қасиетті кәсіп санаймын. Арманыма қалай да болса қол жеткіземін!

Мақсат… Бұл – арманға қол жеткізудегі ең басты саты. Мақсаты бар адамның келешегі зор. Мақсат қойған адамның оған жетпей қойматыны белгілі, сондықтан, мақсат арқылы  қол жетпес шыңдарды бағындыруға болады. Менің мақсатым – журналист атану. Журналист – тіл маманы әрі саясаткер, шындық жақтаушысы әрі халық пен үкіметтің арасындағы көпір, халық жаршысы әрі адамгершілік қорғаушысы. Журналист — діни, заманауи, саяси, ғылыми, әдеби жағынан түсінігі мол, әлемдегі барлық саладан хабардар,  жан-жақты дамыған тұлға. Халыққа қалтқысыз бәрін жеткізетін, ұлт үшін аянбай қызмет ететін, ел тағдыры жолында бәріне де төзетін – журналист. Мен халқымды сүйемін және одан бір елі ажырамаймын. Сол себепті бұл мамандықты қош көрдім. Менің мақсатым келешекте журналист атанып, сол абыройға, атақ-даңққа сай келу, ащы болса да, шындықтың бетін ашып, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырату.

Жеміс… Бұл – барлық еңбегіңнің, барлық талпынысыңның саған берер сыйы. Өз арманынның орындалуына бір қадам жақындасаң, бұдан асқан бақыт та, шаттық та жоқ. Құдай қаласа, осы мамандық иесі атанғаннан кейінгі көретін жемісім әлі алда. Мен үшін келесі белес – халық жаршысы атану. Әр адам өзінің қаншама жылдар бойы жасаған еңбегін сәл де болса жемісін көрсе, тіпті, бір ауыз мақтау естісе, сол жұмысқа оның құлшынысы одан әрі артады, ынтасы да көбейеді. Сондықтан дәл сол мақтауға ие болу үшін, ең алдымен, аянбай, күн демей, түн демей еңбек етіп, халық несібесі үшін игі істер жасайық. Халық әрқашан шын жанашырларын мадақтап, үнемі жоғарғы орынға қойып отырған. Сол орынға лайық болу – өз қолымызда. Кез келген мамандықтың жемісі шаш етектен. Тек оның жолын таба білу керек. Ең бастысы, өзің сүйген мамандықтың иесі атанып, тек халық үшін қызмет ет, сонда бар еңбегің ақталады. Жеміс шыңына жету ауыр әрі қиын, бірақ, тәтті әрі рақат. Таңдау өзіңде!

Армандар орындалады. Тек оның орындалуы армандаған адамға, оның сол арманына деген сеніміне, талпынысына байланысты. Армандайық! Сол армандар үшін алдымызға мақсат қояйық, ең аяғы оның жемісін көріп бір марқаяйық!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз жарияланбайды. Толтыру міндетті *

"Менің ойларым" айдарындағы жазбалар

Трендтер

Соңғы пікірлер

Жоғары