Әлеуметтік желілер

Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі қандай?

©trikon.kiev.ua

Көзқарас

Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі қандай?

12-сәуірде Президент Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргелі ол халық арасында кең талқыға түсті. Әсіресе ұлттық сананы жаңғырту, әлемдік модернизацияға ілесу мақсатында латын әліпбиіне көшу керектігі туралы ойы ел пікірінің екіге бөлінуіне алып келді. Бірі бұл ойды қолдаса, бірі туындайтын мәселелерден қорқып, үйреншікті кириллицада қала беруді ұсынды. Осы орайда латын әліпбиіне көшу идеясына сенімсіздікпен қарап, дүрбелең туғызған жандарға бұл бастаманың күн тәртібінде күні-кеше пайда болмаған, 2006-жылдан бері қаралып келе жатқан мәселе екендігін еске салған жөн. Содан бері бұл бастама сатылай дамудан өтіп келе жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін тек 15 жылдан кейін қозғалған бұл мәселе елбасының ойында әлдеқайда ертерек пайда болуы мүмкін. Тек асығыстық танытпай, тәуелсіздік алғаннан кейін бірден латынға көшуді бастаған Түркіменстан, Әзірбайжан және Өзбекстан секілді елдерді бақылап барып, қателікке бой алдырудан сақтандық. Ең үздік 30 мемлекеттің қатарына енуді көздесек жаһандық модернизацияның жылдамдығына ілесуіміз керектігі анық. Осыған байланысты үш тілділікке бет бұрдық. Яғни, латын әліпбиіне көшу аспаннан түскен ой емес, ол өзге мемлекеттік бағдарламалармен байланысы бар және Қазақстанның алдағы даму жоспарына тікелей қатысты дүние. Ендеше дәл қазіргі сәт – латын әліпбиіне көшуге тиімді уақыт. Тәуелсіздік алған бетте Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан секілді елдер латынға көшуді бастағанда, жеке мемлекет ретінде 25-жылдық тәжірибесі бар Қазақстанның экономикалық, қаржылық жағдайы бұл бастамаға дайын.

©kazfin.kzЭкономика демекші, экономист Жарас Ахметов «capital.kz» сайтына берген сұхбатында  латын әліпбиіне көшуді тек шығын деп есептеуге болмайды деген болатын. Өйткені осы шығыннан табыс та табуға болады екен. Ең қарапайымы, жарнамалық баннерлерді, барлық көрнекілік құралдарды, сайттарды аударып, жаңасын жасау қажеттілігі туса, осы қажеттілікті орындайтын мекемелер де пайда болады, яғни мемлекетте қаржы массасының айналымы бірқалыпты жүре береді. Мемлекет аудару, жаңашаландыру, т.б. қызметтерді шетелге жүктемейді, оның барлығы ел ішінде өтетіндіктен бөлінген қаржыдан өзге ел пайда көреді деген қауіп жоқ. Қаражат ел ішінде қалады. Оның үстіне жоғарыда аталған түрлі қызметтерді атқаратын жеке меншік орталықтар, аударма бюролары пайда болып, өзара бәсекелестік арқылы аударма сапасын жоғарылату мүмкіндігі пайда болады. Мысалы, Президент өз мақаласында атап көрсеткендей, мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросы құрылып, ол 2017 жылдан бастап үкімет тапсырысымен жұмыс жасайды.

©depositphotos.comҚазір ел ішінде латын әліпбиіне көшу осы уақытқа дейін кириллицамен жазылған рухани мұраларымыздың ешкімге керексіз болып қалуына алып келеді, болашақ ұрпақ бұл мұрадан қол үзіп қалады деген қорқыныштың бары жасырын емес.  Бірақ ІТ мамандардың айтуынша, shareable resource code, short cut секілді интернет пен компьютер жүйесінде ұдайы кезігетін дайын бағдарламалар мен тездік тәсілдерді еш өзгеріссіз, еш кедергісіз қабылдауға тиімді. Латиницаға көшкеннен кейін де қазіргі қолданыстағы кириллицамен, төте жазумен терілген жадығаттар, тіпті түрік руна жазуымен терілген құнды жазба деректер код ауыстырғыш бағдарламалармен ауыстырылады. Бұған қытайдың майда және күрделі иероглифтерін бір бұйрықпен ауыстыра алатын бағдарламалық бөлшектің Microsoft Word жүйесінде қолданылғандығын үлгі етуге болады.

Осы орайда, Қытай Халық Республикасының азаматтары, қазіргі уақытта  Қамшы ақпараттық агенттігінің техникалық директоры қызметін атқарып жүрген Тәліп Нүсіпұлы мен ҚХР ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері Шадыман Ахметұлының 2008 жылы елбасына латынға көшудің ақпараттық технологиядағы тиімділігін дәлелдеп жазған хатын еске алайық. Бұл хатта олар латын әліпбиіне көшудің ақпараттық-техникалық тұрғыдағы үш артықшылығын атап көрсеткен болатын. Біріншіден, кез келген компьютерден қазақ жазуын қалыпты жаза да, оқи да алуға; екіншіден, бағдаржол тілінде қазақшаға арналған бағдарламалық бөлшектерді және түсініктемелерді анық, қалыпты көруге; үшіншіден, дүниежүзінің кез келген жерінде өндірілген ғылыми-техникалық жабдықтарды қазақ тілі үшін жасалған бағдарламаларсыз пайдалануға болады деген тұжырым айтқан.

Латын әліпбиіне көшу — тек қана компьютер экранынан қазақ жазуын қалыпты көруді мақсат етпейді, қайта компьютерде және дүниежүзінің кез келген жерінде, IT саласында қазақ тілінің мүлтіксіз жұмыс жасауына кепілдік береді. Мұның алғы шарты — тіліміздегі фонемаларды қазақ тілінің емлелік ережелерінің көмегімен пернетақтадағы 26 түймеше арқылы бейнелейтін жобаны жасау.©qamshy.kz

Әлем елдерінің 60-70 % латын әліпбиінде екендігіне сүйенсек, латынға көшу жаһандық ғылыми, тілдік кеңістікке кіруге жол ашады. IT мамандары атап көрсеткендей, қазіргі  әлемдік ақпараттық-компьютерлік жүйеде еркін ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, латын графикасы қазақ тілінің табиғатына сәйкес келеді, оның ерекше әуезділігін латын әріптерімен бейнелеуге мүмкіндік береді. Егер, латын графикасының үздік жобасы жасақталса, онда тіліміздегі орыс тілінен енген, қазақтың төл сөздерінде көп кездесе бермейтін в, ё, и, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я секілді әріптер қазақ тілінің фонемаларына икемделіп, латын әліпбиінде тіліміздің төл фонемалары үшін 28 әріп қалуы мүмкін. Бұл қазақ тілінің ұлттық нақыштағы бояуының қанықтылығына алып келеді. Сәйкесінше қазақ тілінің дамуына жол ашады.

Бұл жердегі басты мәселе – жобаны өте сауатты түрде іске асыру. Көршілес Өзбекстанның, Әзірбайжанның жіберген қателіктеріне ұрынбай, жүйелі жұмыс атқару. Ол үшін мемлекет басшысы 8 жыл уақыт берді. Осы жылдың соңына дейін жаңа графика бекітілсе, 2018-жылдан бастап оны үйрету, оқулықтардың латын әліпбиімен шығарылуы секілді жұмыстар атқарылады, 2025 жылдан бастап іс-қағаздар латын әліпбиімен жүргізіле бастайды. Бір есте сақтайтын жайт, латын әліпбиіне көшу 10-15 жылда атқарылатын жұмыс емес, ол да бір эволюциялық дамудан өтеді. Латынға көшу процесі Өзбекстанда 24 жылға, Әзірбайжанда 9 жылға, Түркияда 30 жылға созылды. Қазақстан осы елдердің тәжірибесін саралай отырып, ең үздік нәтижеге қол жеткізеді деген сеніміміз мол.

Жалғасын оқыңыз
Сізге ұнауы мүмкін жазбалар...
Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз жарияланбайды. Толтыру міндетті *

"Көзқарас" айдарындағы жазбалар

Трендтер

Соңғы пікірлер

Жоғары