Әлеуметтік желілер

Туған Талдыкөлім

Репортаж

Туған Талдыкөлім

Шымкенттіктер жасыл бауымен, төгілген жеміс-жидегімен мақтанады. Тараздықтар терең тарихымен, Маңғыстаулықтар киелі мекенімен, Алматылықтар асқар тауларымен кеудесін қағады. Құдай әркімге табиғатты бөлген кезде біздің Атырау ауырып қалды ма, әлде кешігіп барды ма білмеймін, бар сұлулықтан кенде қалған. Не жасыл бауы жоқ, асқар тауы жоқ, терең көлі жоқ, ең болмаса төбе-белі жоқ.

«Толағай боп туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тауды?!»

Иә, мен Толағай емеспін. Мен Айманмын. Кәдімгі Айман. Атырау облысының, Махамбет атты ауданының Талдыкөл деген кішкентай ғана ауылынан шыққан Айман. Ес білгелі осы ауылдамын. Біздің үйде менен басқаның бәрі келімсектер. Яғни көрші ауылдан көшіп келгендер. Жалғыз мен Талдыкөлде туылғам. Бірақ мен туылғанда Талдыкөл емес еді. Ескіше аты Редут болатын. Талдыкөл деген беріректе шыққан атау. Олай деп неге атағанын білмеймін. Біздің ауылда бір дені дұрыс тал да, көкпеңбек көл де жоқ. Бірақ аты Талдыкөл. Ақылға сыймайды.

4-5 көшеден тұратын шағын ауылда менің бақытты балалық шағым өтті. Ескі бір көпестің үйінен жасай салған мектепте білім алдым. Кәдімгі 2-3 қара қазақ үйді қоршап, төбесіне «мектеп» деп жаза салған. 8 жылым сол мектепте өтті. Айналдырған алты бөлмеде қалай есіміз ауысып кетпей оқыдық екен,  таңым бар.

Біздің ауыл екіге бөлінеді: «ауыл жақ» және «этаж жақ». Бірақ оны кім ойлап тапқанын білмеймін. «Ауыл жақта» көбіне ескі үйлер орналасқан. Малы бар үйлер болғандықтан ба қора-қоңсы, ит-мысық дегендердің бәрі сол жақта. Яғни нағыз ауылдың бейнесін осы жақтан табасың.

Ал мен тұратын Құскелдиев көшесі «этаж жақта» орналасқан. «Этаж жақ» — нағыз цивилизацияның орталығы. Мұнда қой-сиыр  деген мақұлықтарды кездестіруіңіз екі талай. Қаз-қатар орналасқан үйлер, әдемі дуалдар – бәрі біз үшін нағыз орталық болып көрінетін. Балалармен кейде «ауыл жақтың балдары», «этаж жақтың балдары» болып жік-жікке бөлініп, төбелесуге дейін баратынбыз. Біздің «территорияда» жүрген «ауылскийді» көрсең жөнсіз келіп ұрынатынбыз. Қазір осының барлығын ойлап қарасам нағыз баланың былығы болыпты.

«Этаж жақта» кіл қызметкерлердің үйі. Яғни ауылдағы жалғыз жұмыс орны – газ желілік станцияның жұмысшыларына арналып салынған үйлер бір көшеде орналасқан. Оны біздің ауылда «газпромның үйлері» деп атайды. «Газпромның үйлері» «екитаж» жақта орналасқан. «Екитаж» деген кәдімгі екі қабатты тұрғын үй. Ауылдағы жалғыз екі қабатты ғимарат сол болғандықтан ба біз «Екі этаж» деп атайтынбыз. Кейінірек айтыла-айтыла ол «екитаж» болып кетті. «Екитаж» — біздің ауылдың сентірі. Бүкіл бала-шаға, қыз-жігіт осында жиналады. Небір-небір актуальды өсектер осы жақтан таралады. Күндіз балалар алаңы болса, кешке махаббат ордасына айналатын. Бала кезімде күнімнің 12 сағатын осы «екитаж» жақта өткізетінмін. Достарымызбен ойынның төрт бұрышын шығаратынбыз. Сегіз қаңылтыры бар, күймегі бар, магы бар, біз ойнамаған ойын қалмаушы еді. Талай рет осы «екитаж» жақтан табаным осылып, басым жарылып, велосипедке қағылып қайттым.

Қазір осы «Екитаждық» құрбыларымның алды тұрмысқа шығып, 2-3 балалы болған.

Біздің ауылдың тағы бір қызығы — мәдениет үйі. Оны «клуб» дейміз.  Клубта концерт болады екен десе барымызды киіп, сыланып-сипанып шығатынбыз. Шағын ғана клубымызға адам сыймай, есікке дейін шығып кететін. Ауылдың кәрі-құртаңынан бастап аяғын азар алып жүретін жүгірмектеріне дейін концертке жиналғанда шағын ғана клубымыз монша болып кететін. Сосын арт жақтан «есікті ашыңдаршы» деген дауыстар естіледі. Бірақ арттағылардың арманы орындалмайды. Өйткені, бірінші қатарда бала құшақтап отырғандар «балама салқын тиеді» — деп баж еткенде концерт жүргізіп тұрғандардың өзі қорқып кететін. Осылайша көптен күткен концертіміз де өтіп кететін. Сосын келесі айда болатын концертті күтіп жүресің. Өйткені, концерт өзіңе ұнайтын ұлды кездестіріп қалудың бір мүмкіндігі.

Шағын ғана ауыл менің жүрегіме мың жылдық естеліктер сыйлады. Көзімді жұмған сайын ауылды жағалай аққан Ақ Жайығымның иісі мұрныма келеді. Жаңбыр жауса ауылымның ми батпағы есіме түседі. Көз алдыма балшықта өз аяқ киімін өзі көтере алмай сабаққа бара жатқан кішкентай Айман елестей береді.

Ауылымды есіме алсам көз алдыма бұлыңғыр балалық шағым осылай орала береді. Ең жақын құрбыларыммен, сыныптастарыммен, алғашқы махаббатыммен жолымды тоғыстырған ауылымды кейде қатты сағынамын. Жылына екі рет қана табан тірейтін ауылым менің ең тәтті естеліктерімнің мекені. Кеудемді кернеген сағыныш әр келген сайын оның қара топырағын құшырлана иіскетеді.

Ауылымның қазіргі бейнесі бала кезімдегіден өзгерек. Жан-жақтан көшіп келгендер көбейген, үйлердің де саны артқан. Біз оқыған қараша мектеп қазір қаңырап бос қалған. Бұрынғыдай клубта концерт те болмайды екен. Тіпті, «Екитаждың» алдында ойнайтын бала да қалмаған. Өйткені, қазір бәрі жаңа. Жаңа мектеп. Жаңа ойын алаңы. Жаңа адамдар. Олардың қазір жаңа естеліктері жазылып жатыр. Ал біз сол «Екитаждың балдары» болып тарихтың терең қойнауына кеттік.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз жарияланбайды. Толтыру міндетті *

"Репортаж" айдарындағы жазбалар

Жоғары