Әлеуметтік желілер

Шынар Жұмасат

Ұштаған елі тұрағым,
Бисенбекқызы Шынармын.
Қоян жылы туғанмын,
Мамырда 4-ке шығамын.

Бұл өлең жолдары менің балдырған жылдарымның естелігі.

Байқағандарыңыздай, аты-жөнім Жұмасат Шынар Бисенбекқызы. 362 әулиелі маңғаз Маңғыстау даласының тумасымын. Қазақ болып туғаным былай тұрсын, Адай екендігімді кәдімгідей «авторитет» көремін. Республиканың түкпір-түкпіріндегі достарым да «Ақ маңдайлы Адай қыз» деп таниды.

Қазақ тілінен өзге тілде сөйлей алмаймын. Бұл өзімнің үйренгісі келмейтін еріншектігімнен де болуы мүмкін, дегенмен біздің жылы ұямызда әкем мен анам өзге тілде сөйлетіп былапыт жасатқан емес. Керісінше бар қазақылықты бойымызға сіңіруге тырысты. Ес білгелі домбыраның үніне сусындатып, өлең-жырға баулып өсіргендіктен болар, домбырада ойнап, қағаз бетін көп шимайлаймын. Бір уақыттарда айтысқа да қатысып, Түркістан өлкесінде Ақмарал Леубаеваның батасын алғанмын.

Ұстанымдарым көп өзгеріп тұрады. «Қазақ аруы — 2017» сайысынан кейін, «Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман ғой» деген ұстанымда жүрмін. Негізінде Домалақ ана да, қарға бойлы Қазтуған да аласа бойлы болған. Иә, біртұтам-ақ қызбын. Егер бойым 170 смге жетіп жатса, қазақ аруы 20XX болатыныма да бек сенімдімін.

Әжемнің қызы болып өскендіктен «крышам» мықты болып, нағыз ерке қыз болып өстім.  Атымды Шынар ағашындай мықты болып, тамырын тереңге жайсын деген мақсатпен қойған. Әкем «Ақсарым» деп атайды.

Хоббиім жетіп артылады. Кейде кітап оқи берсем, кейде мүлде бетін ашпай, музыка тыңдап кетемін, ал кейде спортпен шұғылданып, волейбол ойнағанды ұнатамын. Бірақ, жазу мәселесіне келгенде, жалқаулығым ұстайды да тұрады. Осы кемшілігімді жойып, бір кездерде жазушы немесе блогер болып кетсем де таңқалмаңыз.

Ертеңгі күннен күтерім көп.

Мені әлеуметтік желіден тапқыңыз келсе, сілтемелер төменде:

Facebook.com — Шынар Жұмасат
Instagram.com — Shynar.zhumassat
Email — Shynar.zhumassat@gmail.com

Жоғары